2018 жылдың 30 қаңтар күні Лисаков Жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениеті мұражайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалалық білім бөлімімен бірлесе ұйымдастырылған «Қазақ ұлтының рухани көшбасшысы» іс-шарасы өтті.
Шара мақсаты – Ахмет Байтұрсынов шағрамаларымен таныстыру; киелі жерлер туралы білімдерін тереңдетіп және кеңейту, тарихи ескерткіштерді таныту, патриоттық және азаматтық жауапкершілікке, өткенге қызығушылықпен қарауға тәрбиелеу.
Аталмыш шараға шақырылған қонақтар: қала тұрғыны, ақын Тлеубаева Мөр Есмағамбетқызы Ахмет Байтұрсыновқа арнаған өлеңін оқып берсе, тағы бір қадірлі қонағымыз болған Бешей Бақдаулет Ахмет Байтұрсыновтың «Аққұм» өлеңін домбырамен орындап берді.
Іс-шара байқау түрінде өтті. Қазылар алқасы құрамында білім бөлімі, тілдерді оқыту орталығы, мәдениет бөлімі, Лисаков техникалық колледжі, «Акцент» жергілікті телеарнасынан өкілдер болды. Жазып алып келген шығармаларын оқу сайысында бірінші орынды Омаров Азат (№3ОМ) жеңіп алды, 2-ші орын Өнербекова Арунаға (мектеп-лицейі) бұйырса, ал 3-жүлделі орын Кучерявая Анастасия(№1ОМ) еншісінде. Екінші сайыс - ақын жазған өлеңдерін мәнерлеп оқу. Бұл сайыста көркем сөз оқу шеберлігімен басым түсіп, бірінші орынды Өмірзақызы Қарақат (№3ОМ) еншіледі. Екінші орынды Ерофеева Яна(мектеп-лицейі) және үшінші орынды Большаков Макар (мектеп-лицейі) қанжығаларына байлады. Қалған қатысушылар «Жас қаламгер», «Жас әдебиетші», «Дарабоз», «Жас көркемсөз оқу шебері» номинациялары бойынша марапатталды. Барлық қатысушыларға мадақтама, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Байқауға қатысқан оқушыларды дайындаған қала мектептеріндегі қазақ тілі мұғалімдері де құр алақан қалмады. Ахмет Байтұрсынов шығармашылығын насихаттау мақсатында өткізілген мұражайы байқауына оқушылары белсене қатысқаны үшін ұстаздарға алғыс хат берілді.
Байқаудың басында мұражай қызметкері Қадырханова Айман Қадырханқызы А.Байтұрсынов өмірі мен еңбектері туралы бейне материалдар көрсетіп, Ахмет Байтұрсыновтың туған жері, Жангелді ауданы, Ақкөл маңындағы Сарытүбек ауылының Қазақстанның киелі жерлер нысанына шолу жасады.
Көрнекті қайраткер туралы шағын көрмеде қойылды. Көрмеге Қостанай облысының тарихи-өлкетану мұражайы ұсынған суреттері мен құжаттарының көшірмелері және Лисаков орталықтандырылыған кітапхана жүйесінен Ахмет жайлы кітаптар қойылған. Шағын көрме ақпан айына дейін жұмыс жасайды.