Міне, осындай атауда 2018 жылдың 14 наурыз күні Лисаков мұражайында жаңа көме ашылды.
Көрменің экспозициясында «Қостанай таңы», Костанайские новости», «Костанай - АГРО», «Қамысты жаңалықтары» Қамысты аудандық газетінің фототілшілері: Ермұрат Бекмұхамедов, Багдат Ахмедбеков, Сергей Миронов, Владимир Моторико, Николай Савченко, Николай Соловьев, Игорь Вальтер жасаған көптеген фоторепортаж суреттері Қостанай облыстық сурет галереясы қорынан ұсынылған. Фотошеберлерінің әрбір жұмыстары мазмұны бойынша қызықты. Қазақ халқының қонақжайлылығы, бата беру, ұлттық сусын қымызды ішіп тұрған бала бейнесі, ауыл тірлігі, Наурыз мерекесінің тойлануы, қазақтың ұлттық ойындарынан бастап, қолөнер шеберлері суреттелген фотоларды көруге болады.
Қостанай облыстық тарихи - өлкетану мұражайы қорынан Қ.Қазбековтың «Жайлауда» картинасы және қазақ халқының ұлттық нақышында жасалған ағаш ыдыстары осы көрме залына қойылған.
Көрме экспозициясында қазақ халқының қонақжайлылығы және ұлттық тағамдары туралы, сонымен қатар мақал - мәтелдермен танысуға болады.
Көрменің мақсаты - қазақ халқының қанына сіңген қонақжайлылығы және соған байланысты салт - дәстүрлері мен ерекшеліктері, дастархан басындағы әдебі туралы, сондай-ақ қазақ халқының ұлттық тағам түрлері жөнінде келушілерді таныстыру, жас ұрпаққа мұражай сабақтарын өткізу арқылы бойларына қазақ халқының мәдени құндылықтарын сіңіру болып табылады.
Көрмені ашқан Лисаков қалалық маслихатының хатшысы Шалдыбаева С.Қ. мен «НұрОтан» партиясының Лисаков филиалы төрағасының орынбасары Неявка И.В. жиналғандарға көрменің маңыздылығы мен ерекшелігіне тоқталып, көктем мерекесімен құттықтады. «Жас шебер» клубының мүшелері және №3 орта мектебінің оқушылары сахналық көрініс қойып, әндерімен шараның сәнін келтірді. Қазақтың ұлттық тағамы - женттің жасалуы бойынша шебер - сағаты өтті. Келушілер қаламыздың құрметті азаматтары Айдосов О.Х. мен Шаврин Ю.Ф. тыныштық, бірлік пен саулық тілеген тілектерін ұйып тыңдады.
Шара соңында дәстүр бойынша келушілер ыстық шәй, бауырсақ, тәттілерден дәм татты. Көрме наурыз және сәуір айлары жұмыс істейтін болады, тұрғындарды қазақтың ұлттық мәдениеті әлеміне шақырамыз.